Астанада Халықаралық Олимпиада күніне орай триатлон мен жүзуден жарыстар ұйымдастырылды

Астанада Халықаралық Олимпиада күні аясында триатлон және жүзуден бұқаралық жарыстар өтіп, оған 300-ден астам адам қатысты.
Спорттық іс-шараға әртүрлі жастағы әуесқой спортшылармен қатар, Олимпиада қозғалысының бір бөлігі болуға мүмкіндік алған жас қатысушылар да қатысты.
Триатлоннан әуесқойлар арасындағы жарыс Азия кубогы кезеңі аясында ұйымдастырылды. Сайысқа түрлі жас санатындағы 54 спортшы мен үш эстафеталық команда қатысып, халықаралық жарыстың атмосферасын сезінуге мүмкіндік алды.
Ал «Оазис» ашық бассейнінде iSwim жүзу академиясының ұйымдастыруымен балалар арасында жүзуден жарыс өтті. Оған академияның 250-ден астам тәрбиеленушісі қатысып, 25 метр қашықтықты еркін стильде бағындырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шорт-тректен әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері әрі төрт Олимпиада ойындарының қатысушысы Денис Никиша марапаттады.
Танымал спортшы өз сөзінде Олимпиада қозғалысы кез келген адамның спорттағы алғашқы қадамынан басталатынын атап өтті. Оның айтуынша, ең үлкен жеңіс – өзіңді, қорқынышыңды және мақсатыңа жету жолындағы қиындықтарды жеңу.
Айта кетейік, Халықаралық Олимпиада күні жыл сайын 23 маусымда Халықаралық Олимпиада комитетінің 1894 жылы құрылған күніне орай аталып өтеді.



