Астанада Халықаралық Олимпиада күніне арналған балалар арасындағы су добы турнирі өтті

Астанадағы «Барыс Арена» бассейнінде Халықаралық Олимпиада күніне орай балалар арасында су добынан турнир ұйымдастырылды. Спорттық іс-шараны Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті өткізді.
Турнирге жас спортшылар қатысып, олимпиадалық құндылықтарды дәріптеуге арналған мерекелік бағдарлама аясында өзара бақ сынады. Жарыс екі жас санаты бойынша ұйымдастырылды. 11 жасқа дейінгі санатта 16 команда өнер көрсетсе, 11 жастан жоғары санатта 19 команда қатысты.
Күні бойы жас спортшылар бірнеше матч өткізіп, командалық ойын шеберлігін шыңдауға, жарыс тәжірибесін жинақтауға және үлкен спорт мерекесінің атмосферасын сезінуге мүмкіндік алды. Ұйымдастырушылар жеңіс пен нәтижеден бұрын балалардың белсенділігіне, өзара ынтымақтастығына және спортқа деген қызығушылығын арттыруға басымдық берді.
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің өкілдері мұндай жарыстардың балаларды спортқа баулудағы маңызы зор екенін атап өтті. Олардың пікірінше, Халықаралық Олимпиада күні жас спортшыларға олимпиадалық қозғалыстың бір бөлігі екенін сезінуге, жаңа тәжірибе жинақтап, болашақтағы биік мақсаттарға ұмтылуға қосымша серпін береді.
Турнир қорытындысында барлық қатысушыларға естелік сертификаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, Халықаралық Олимпиада күні жыл сайын 23 маусымда, Халықаралық Олимпиада комитетінің 1894 жылы құрылған күніне орай атап өтіледі.



