Астанада ауғанстандық жаттықтырушыларға арналған халықаралық техникалық курстар өтіп жатыр

Астанада Ауғанстаннан келген жаттықтырушыларға арналған біліктілікті арттыру техникалық курстары ұйымдастырылды. Білім беру бағдарламасы олимпиадалық екі спорт түрін – бокс пен күресті қамтиды.
Жобаны Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті Ауғанстан Ислам Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитетімен бірлесіп өткізуде. Бағдарлама Халықаралық Олимпиада комитетінің Olympic Solidarity бастамасы аясында жүзеге асырылып, Біріккен күрес әлемі (UWW) мен World Boxing ұйымдарының қолдауына ие болды.
Курстардың мақсаты – шетелдік мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып, спортшыларды даярлаудың заманауи әдістемелерін меңгерту. Бағдарламада жаттығу процесін ұйымдастыру, халықаралық талаптар, төрешілік ережелері, допингке қарсы регламенттер және жарысқа дайындықтың озық тәсілдері қамтылған.
Оқу бағдарламасына қатысу үшін Қазақстанға Ауғанстаннан 20 жаттықтырушы келді. Олардың 11-і күрес, ал тоғызы бокс бойынша маманданған. Теориялық және практикалық сабақтар күн сайын жеті сағатқа дейін жалғасады.
Дәрістер мен семинарлар «Астана» олимпиадалық даярлау орталығында өтуде. Практикалық сабақтар бокс бойынша орталықтың рингтерінде, ал күрес бойынша Халықаралық күрес академиясының базасында ұйымдастырылған.
Күрес бағдарламасының жетекші дәріскері – 2006 жылғы әлем чемпионы әрі Олимпиада ойындарының үш дүркін қатысушысы Мохаммед Абдельфатах. Оның АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласындағы Ұлттық олимпиадалық даярлық орталығын басқарған және NCAA университеттік лигасында жұмыс істеген тәжірибесі бар.
World Boxing бағыты бойынша сабақтарды қазақстандық тәжірибелі мамандар жүргізуде. Олардың қатарында спорт шеберлігіне кандидат Шахарман Мақсұт және педагогика ғылымдарының магистрі, Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы мүшесі, Азия чемпионатының жүлдегері Айдос Арапов бар.
Курс соңында қатысушылар аттестациядан өтеді. Емтихандарды сәтті тапсырған мамандарға UWW және World Boxing ұйымдары мойындайтын халықаралық Level 1 деңгейіндегі жаттықтырушы сертификаты табысталады. Бұл құжат олардың халықаралық талаптарға сай біліктілігін растап, кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.



