Қарағандыда спорттағы гендерлік теңдік мәселесіне арналған білім беру семинары өтті

Қарағанды қаласындағы Достық үйінде «Спорттағы гендерлік теңдік және баршаға арналған мүмкіндіктер» тақырыбында білім беру семинары ұйымдастырылды. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті Азия Олимпиадалық Кеңесі мен Olympic Solidarity бағдарламасының қолдауымен өткізді.
Семинарға спортшылар, жаттықтырушылар, спорт ұйымдарының менеджерлері және сала мамандары қатысып, жалпы саны 50-ден астам адам бас қосты. Кездесу барысында инклюзивті спорттық ортаны дамыту, кәсіби және тұлғалық өсу мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ спорт саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды.
Іс-шараның ашылу салтанатында ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас директоры Нұрлан Нөгербек пен Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов сөз сөйледі.
Нұрлан Нөгербек қазіргі спорт саласында жоғары нәтижеге қол жеткізумен қатар жаңа талаптарға бейімделудің маңызы артқанын атап өтті.
– Бүгінде спорт тек жарыс алаңдарындағы жетістіктермен шектелмейді. Психологиялық тұрақтылық, цифрлық сауаттылық және көшбасшылық қасиеттер спортшы мен маманның табысты мансабының маңызды бөлігіне айналды. Сондықтан білім беру бағытындағы жобалар Ұлттық Олимпиадалық комитет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді, – деді ол.
Семинар аясында қатысушылар спорттағы гендерлік теңдік, инклюзия, кәсіби даму және заманауи басқару тәсілдері жөнінде пікір алмасып, тәжірибе бөлісті.



