БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының екінші күнінде 13 медаль жеңіп алды

Түркістан қаласында өтіп жатқан байдарка мен каноэде есуден жастар (U23) және жасөспірімдер (U18) арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетуде.

Жарыстың екінші күнінің қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 13 медаль жеңіп алды. Оның алтауы алтын, алтауы күміс және біреуі қола жүлде болды.

U23 санатында Стелла Суханова екі мәрте Азия чемпионы атанды. Ол байдарка-бірлік бағдарламасында 1000 және 200 метр қашықтықтарда алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Дмитрий Холмогоров 1000 метрге байдарка-бірлік сайысында топ жарса, Сұлтан Шарапиев каноэ-бірлік бойынша 200 метр қашықтықта жеңімпаз атанды.

Бұл жас санатында Полат Төребеков, Мария Бровкова және Ульяна Киселёва күміс жүлдеге ие болды.

U18 санатында Тимофей Таранов байдарка-бірлік бойынша 200 метрде алтын медаль жеңіп алды. Ал Эвелина Костенко осы бағдарламада қыздар арасында чемпион атанды. Сонымен қатар Тимофей Таранов 1000 метр қашықтықта күміс жүлде иеленді.

Жасөспірімдер арасындағы жарыста Богдан Носиков пен Ксения Сломинская да күміс медаль жеңіп алды. Ал Анна Емельяненко 1000 метрге байдарка-бірлік жарысында үшінші орын алып, Қазақстан қоржынына қола медаль салды.

Осылайша, жарыстың екінші күнінде Қазақстан құрамасы 6 алтын, 6 күміс және 1 қола медаль еншілеп, құрлық біріншілігіндегі көшбасшылар қатарындағы орнын нығайтты.

Айта кетейік, Түркістандағы Азия чемпионаты 7 маусымға дейін жалғасады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button