Астанада өткен «Балдәурен» республикалық футбол турнирінің жеңімпаздары анықталды

Елордада Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Балдәурен» республикалық футбол турнирі өз мәресіне жетті. 2-4 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған жарыс 4 маусым күні аяқталды.
Ауқымды спорттық шараға Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген 10 команда қатысып, бірнеше күн бойы үш санат бойынша өзара мықтыны анықтады.
Аралас командалар арасында (2-3 сыныптар) Алматы қаласының құрамасы чемпион атанды. Жамбыл облысының командасы екінші орынға ие болса, үздік үштікті Астана қаласының оқушылары түйіндеді.
4-сынып оқушылары арасындағы ұлдар жарысында да Алматы қаласының командасы топ жарды. Күміс жүлдені Астана құрамасы жеңіп алса, Маңғыстау облысының өкілдері үшінші орыннан көрінді.
Қыздар арасындағы бәсекеде де Алматы құрамасы жеңіске жетіп, турнирдің алтын медалін иеленді. Маңғыстау облысы екінші орынға тұрақтаса, Қарағанды облысының командасы қола жүлдеге қол жеткізді.
Осылайша, Алматы қаласының жас футболшылары барлық санатта үздік нәтиже көрсетіп, «Балдәурен» республикалық турнирінің басты жеңімпазына айналды. Турнир балалар футболын дамытуға және жас спортшылардың тәжірибе жинауына мүмкіндік берген маңызды жарыстардың бірі болды.



