Астанада UEFA «C&B» курсының алғашқы модулі аяқталды

Астана қаласында тәжірибелі футболшыларға арналған UEFA «C&B» бапкерлік курсының алғашқы модулі өз жұмысын аяқтады. Бұл – Қазақстан футбол федерациясы бұрынғы және қазіргі кәсіби футболшылар үшін арнайы әзірлеген жаңа білім беру бағдарламасы.
Жоба кәсіби мансабын аяқтаған немесе бапкерлік қызметке қадам басып жатқан ойыншыларға бағытталған. Бағдарламаның басты мақсаты – қатысушыларға заманауи бапкерлік қызметтің негізгі қағидаларын меңгертіп, ойыншыдан жаттықтырушыға өтуді жеңілдету.
Курс УЕФА-ның заманауи әдістемесіне негізделген. Оқу барысында футболшыны дамыту, жаттығу үдерісін ұйымдастыру, команданы басқару және ойын жағдайларында шешім қабылдау дағдыларына ерекше көңіл бөлінеді.
Алғашқы модуль аясында тыңдаушылар бағдарламаның құрылымы мен талаптарымен танысып, заманауи бапкердің рөлі, техникалық дайындық әдістемесі, шағын топтардағы тактикалық әрекеттер және жаттығу сабақтарын жоспарлау мәселелерін зерделеді.
Оқу бағдарламасына теориялық дәрістермен қатар тәжірибелік жаттығулар, шағын топтардағы жұмыстар, жаттығу сабақтарының таныстырылымдары және талдау сессиялары енгізілген.
Курс қатысушыларының бірі Владимир Плотников бағдарламаның мазмұнына жоғары баға берді.
– Курста өте қызықты спикерлер жұмыс істейді. Біз көптеген жаңа мәлімет алдық және әлі де үйренетін дүниелердің көп екенін түсіндік. Бұл – ұзақ жолдың бастамасы ғана. Жалпы әсерім өте жақсы. Ақпарат көлемі мол, енді оны тәжірибеде қолдануды үйренуіміз керек. Осындай білім алуға мүмкіндік туғанына қуаныштымын, – деді ол.
Айта кетейік, UEFA «C&B» курсы кәсіби футболшыларды бапкерлік қызметке дайындауға бағытталған және болашақ мамандардың заманауи футбол талаптарына сай білім алуына мүмкіндік береді.



