
Қазақстан құрамасы Испанияның Понтеведра қаласында өтіп жатқан әртістік жүзуден Әлем кубогы кезеңінде кезекті жүлдесіне қол жеткізді.
Бұл жолы Қазақстан қоржынына медальді Алдияр Рамазанов салды. Отандасымыз ерлер арасындағы техникалық бағдарламада сәтті өнер көрсетіп, қола жүлдегер атанды.
Алдияр Рамазанов төрешілер бағалауымен 223,0833 ұпай жинап, үздік үштікті түйіндеді.
Алтын медальді Италия спортшысы Филиппо Пелати иеленді. Оның нәтижесі – 229,7325 ұпай. Күміс жүлде Испания өкілі Энеко Санчес Агиларға бұйырды – 228,4342 ұпай.
Қазақстанның тағы бір өкілі Виктор Друзин 203,5667 ұпаймен бесінші орынға тұрақтады.
Айта кетейік, бұл Алдияр Рамазановтың Понтеведрадағы Әлем кубогы кезеңіндегі екінші жүлдесі. Бұған дейін ол Ясмина Исламовамен бірге аралас жұптар арасындағы техникалық бағдарламада қола медаль жеңіп алған болатын.
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында қазір екі қола медаль бар.



