
Словенияның Копер қаласында спорттық гимнастикадан Challenge Cup халықаралық турнирінің алғашқы іріктеу күні аяқталды.
Іріктеу жарыстарының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының екі спортшысы финалға жолдама алды.
Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Курбанов ат снарядындағы жаттығуда 14,900 ұпай жинап, барлық қатысушылар арасында үздік нәтиже көрсетті. Осылайша қазақстандық гимнаст шешуші кезеңге бірінші орынмен өтті.
Дәл осы бағдарламада тағы бір отандасымыз Зейнолла Идрисов та жүлде үшін таласады. Ол іріктеу кезеңінде 14,266 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады.
Ал сақиналардағы жаттығуда өнер көрсеткен Роман Маменов финалға өте алмай, жарысты 13-орынмен аяқтады.
Айта кетейік, Challenge Cup кезеңінің финалдық жарыстары 30 мамырда өтеді. Қазақстандық жанкүйерлер Нариман Курбанов пен Зейнолла Идрисовтен жүлде күтеді.



