БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

WADA 2027 жылғы конгресін Астанада өткізуді жоспарлап отыр

Қазақстан Туризм және спорт министрлігі допингке қарсы халықаралық стандарттарды жүйелі түрде енгізіп, таза спорт қағидаттарын дамыту бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда.

Министрлік бұл бағытта допингке қарсы тиімді саясат жүргізуге, спортшылардың денсаулығын қорғауға және әділ бәсекені қамтамасыз етуге басымдық береді.

Қазақстан допингке қарсы ережелерді бұзуға қатысты нөлдік төзімділік қағидатын ұстанады. Осыған байланысты Допингке қарсы ұлттық орталық халықаралық ережелерді бұзған спортшылар туралы ақпаратты ашық жариялап келеді. Бұл халықаралық міндеттемелерді орындауға және спорт саласындағы ашықтықты сақтауға бағытталған.

Ведомствоның мәліметінше, орталықтың жүйелі жұмысы допингке қатысты заңбұзушылықтарды уақытында анықтауға және халықаралық жарыстарда ел беделін қорғауға мүмкіндік береді.

Биыл наурыз айында жеңіл атлетикадан жабық кешендегі әлем чемпионаты кезінде Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен WADA президенті Витольд Банька өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын. Құжат білім беру, допингтің алдын алу және ғылыми зерттеулер бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге арналған.

– Қазақстан Орталық Азияда таза спортты дамытуда маңызды рөл атқарады, – деді WADA президенті Витольд Банька.

Сондай-ақ ол Қазақстанның антидопинг мәдениетін дамыту мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Кездесу барысында тараптар 2027 жылы Астанада WADA Атқарушы комитеті мен Құрылтай кеңесінің отырыстарын өткізу мүмкіндігін талқылады. Мұндай ірі халықаралық іс-шаралардың Қазақстанда өтуі елдегі антидопинг саясатының жүйелі дамуының нәтижесі ретінде қарастырылып отыр.

Қазіргі таңда Қазақстан халықаралық спорттағы әділдік, ашықтық және адал бәсеке қағидаттарын қолдайтын сенімді әріптес ретіндегі позициясын күшейтіп келеді. Сонымен қатар спортшылар, жаттықтырушылар және сала мамандары арасында допингтің алдын алу мен білім беру жұмыстарына ерекше назар аударылуда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button