БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Қазақстан құрамасы көркем гимнастикадан Азия чемпионатын тоғыз медальмен аяқтады

Қырғызстанның Бішкек қаласында көркем гимнастикадан Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы құрлық біріншілігінде жалпы саны тоғыз медаль жеңіп алды.

Турнирдің соңғы жарыс күнінде жекелей жаттығулардағы финалдар өтіп, қазақстандық гимнастар барлық бағдарламада жүлдеге ие болды.

Ақмарал Ерекешева жарыс қорытындысы бойынша тағы үш медаль жеңіп алды. Ол шығыршықпен орындалатын жаттығуда күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар доп және ұршықтармен орындалатын бағдарламаларда қола медаль еншіледі.

Айбота Ертайқызы таспамен орындалатын жаттығуда үздік үштікке еніп, қола жүлдегер атанды.

Топтық жаттығуларда Қазақстан құрамасы екі рет жеңіс тұғырына көтерілді. Айзере Кеңес, Айзере Нұрмағамбетова, Кристина Чепульская, Мадина Мырзабай, Аида Хәкімжанова және Жасмин Жүнісбаева бес доппен орындалатын жаттығуда күміс медаль жеңіп алды.

Сондай-ақ қазақстандық гимнастар үш шығыршық және екі жұп ұршықпен орындалатын бағдарламада да күміс жүлдеге ие болды.

Айта кетейік, бұған дейін Айбота Ертайқызы жекелей көпсайыста күміс жүлдегер атанса, топтық көпсайыста Қазақстан құрамасы қола медаль жеңіп алған еді. Ал командалық көпсайыс қорытындысында ұлттық құрама екінші орынға тұрақтады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button