БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Регби-7-ден Қазақстан әйелдер құрамасы Испаниядағы халықаралық турнирде қола медаль жеңіп алды

Испанияның Вильяхойоса қаласында өткен беделді «Benidorm Sevens» халықаралық турнирінде регби-7-ден Қазақстан әйелдер құрамасы қола жүлдеге ие болды.

Estadio Rugby Villajoyosa стадионында ұйымдастырылған жарыста қазақстандық регбишілер Еуропаның мықты командаларына қарсы жоғары деңгейдегі ойын көрсетті.

Іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы Венгрияны 45:0, Норвегияны 48:0 есебімен ірі жеңді. Ал ширек финалда Австрия құрамасын 46:0 есебімен тас-талқан етті.

Жартылай финалда отандастарымыз Польша құрамасына 14:29 есебімен жол берді. Алайда үшінші орын үшін өткен матчта Қазақстан құрамасы Венгриямен қайта кездесіп, қарсыласын тағы да ірі есеппен жеңді — 40:0. Осылайша ұлттық құрама турнирдің қола медалін иеленді.

Ерлер құрамасы да жарысты сәтті өткізді. Жаңартылған құрамдағы қазақстандық регбишілер топтық кезеңде «Юскарианс» командасын 24:7 есебімен жеңіп, Португалиядан 21:19 есебімен басым түсті.

Плей-офф кезеңінде Қазақстан құрамасы Францияның «Пиреней» командасы мен Марокко құрамасына қарсы тартысты ойын көрсеткенімен, жеңіліп қалды. Нәтижесінде ерлер құрамасы турнирдің үздік сегіз командасының қатарына енді.

Қазақстан регби федерациясы турнирдің жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, бұл жарыс ұлттық құрамалар үшін халықаралық тәжірибе жинауға маңызды мүмкіндік болғанын жеткізді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button