ФУТБОЛ

Елордада Walking Football Challenge «Астана Аңыздары» турнирі өтті

Астанадағы Футбол үйінде әуесқой командалар арасында Walking Football Challenge «Астана Аңыздары» жүрмелі футбол турнирі ұйымдастырылды.

Жарысқа 45 жастан асқан ойыншылардан құралған сегіз команда қатысты. Қазақстан футбол федерациясы өткізіп отырған турнир биыл төртінші рет ұйымдастырылып, футбол жанкүйерлері арасында кең танымалдыққа ие болды.

Walking Football Challenge — салауатты өмір салтын насихаттауға, денсаулықты нығайтуға және дене белсенділігін арттыруға бағытталған әлеуметтік жоба. Жүрмелі футбол форматы қатысушыларға жас ерекшелігіне қарамастан спортпен айналысып, белсенді өмір салтын сақтауға және өзара қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді.

Турнир қорытындысы бойынша «Батыр» клубы чемпион атанды. Күміс жүлдені «Жұлдыз» командасы иеленсе, «Әлім» ұжымы үздік үштікті түйіндеді.

Жарыс соңында үздік ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталды:

  • Үздік қақпашы — Бауыржан Байдалин («Әлім»)
  • Үздік қорғаушы — Шадияр Тұрғанбаев («Армандас»)
  • Үздік жартылай қорғаушы — Асхат Қуандықов («Жұлдыз»)
  • Турнирдің үздік ойыншысы — Асан Жаханов («Батыр»)

Жүрмелі футболдың негізгі ерекшелігі — ойыншыларға жүгіруге тыйым салынады. Ереже бұзылған жағдайда қарсылас командаға айып добы беріледі. Сонымен қатар баспен ойнауға болмайды және доп екі метрден жоғары көтерілмеуі тиіс. Ойыншыларға айып алаңына кіруге де рұқсат етілмейді. Мұндай форматта дәл пас, тактикалық сауаттылық және командалық үйлесім шешуші рөл атқарады.

Айта кетейік, биыл жүрмелі футбол турнирлері Қазақстанның бірнеше қаласында өтеді. Атап айтқанда, жарыстар 7 маусымда Қарағандыда, 14 маусымда Көкшетауда және 28 маусымда Алматыда ұйымдастырылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button