
Қазақстан құрамасы Қырғызстанның Бішкек қаласында өтіп жатқан көркем гимнастикадан Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.
Ұлттық құрама командалық көпсайыс қорытындысы бойынша екінші орынға тұрақтады. Жалпы есепке спортшылардың жекелей және топтық жаттығулардағы нәтижелері енгізілді.
Қазақстан құрамасы 263,65 ұпай жинады. Алтын медальді 265,8 ұпаймен Өзбекстан құрамасы иеленсе, Қытай командасы 262,85 ұпаймен қола жүлдеге қол жеткізді.
Айта кетейік, құрлық біріншілігінде Қазақстан намысын жекелей сында Ақмарал Ерекешева мен Айбота Ертайқызы қорғап жатыр.
Ал топтық жаттығуларда Айзере Кеңес, Айзере Нұрмағамбетова, Кристина Чепульская, Мадина Мырзабай, Аида Хәкімжанова және Жасмин Жүнісбаева өнер көрсетуде.



