ФУТБОЛ

Астанада UEFA A Elite Youth курсының алғашқы модулі аяқталды

19-22 мамыр аралығында Астанада UEFA A Elite Youth курсының алғашқы модулі өтті. Бағдарлама Қазақстан футбол федерациясының бапкерлерді оқыту жүйесін жетілдіру жоспары аясында және UEFA стандарттарына сәйкес ұйымдастырылды.

UEFA A Elite Youth курсы элиталық жасөспірімдер футболында жұмыс істейтін бапкерлерді даярлауға бағытталған. Бағдарлама қазіргі футбол талаптарын ескере отырып, жас ойыншыларды дамыту бойынша мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруды көздейді.

Алғашқы модуль барысында тыңдаушылар бапкерлік білім беру философиясы мен құрылымын, жаттығу үдерісін талдауды, шабуылдау әрекеттерін ұйымдастыру мен дамытуды, сондай-ақ жарыс кезеңіндегі жаттығу процесін басқару бағыттарын меңгерді.

Оқу бағдарламасына теориялық сабақтар, жаттығу сессияларын талдау, практикалық жұмыстар, шағын топтардағы тапсырмалар, таныстырылымдар және тәжірибелік жаттығулар кірді. Сонымен қатар қатысушылар модульаралық кезеңде курс тәлімгерлерінің бақылауымен жұмысын жалғастырады.

Курс барысында элиталық жасөспірімдер футболындағы ойын және жаттығу модельдерін біріктіруге, халықаралық тәжірибеге және player-centered approach — ойыншыға бағытталған тәсіл қағидаларына ерекше назар аударылды.

Алғашқы модуль аяқталғаннан кейін тыңдаушылар модульаралық тапсырмалар мен практикалық жұмыстар арқылы оқуын жалғастырады.

UEFA A Elite Youth курсы — Қазақстан футбол федерациясының бапкерлік білім беру жүйесін стратегиялық дамыту бағытындағы маңызды жобалардың бірі. Бағдарлама академиялар, кәсіби клубтар және жасөспірімдер құрамаларында жұмыс істейтін мамандарды даярлау сапасын арттыруға арналған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button