
Испанияның Понтеведра қаласында әртістік жүзуден Әлем кубогының соңғы кезеңі өтеді. Бұл жарыс спортшылар үшін суперфинал алдындағы шешуші сын болмақ.
Әлем кубогының суперфиналы дәстүрлі түрде World Aquatics сериясының маусымын қорытындылайды. Шешуші кезеңге тек Әлем кубогының барлық сатыларында жоғары нәтиже көрсеткен үздік спортшылар мен құрамалар ғана жолдама алады.
Биыл суперфиналға дейін төрт кезең қарастырылған. Алғашқы жарыс Колумбияда өтсе, кейінгі кезеңдер Франция мен Қытайда ұйымдастырылды. Ал соңғы кезең 29-31 мамыр аралығында Испанияның Понтеведра қаласында өтеді.
Қазақстан құрамасы маусым бойы тұрақты нәтижелер көрсетіп келеді. Колумбиядағы кезеңде отандастарымыз екі алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алып, командалық есепте екінші орын иеленді. Франциядағы жарыста бір күміс пен бір қола жүлде еншілесе, Қытайдағы кезеңде бір күміс және үш қола медальға қол жеткізді.
Жалпы рейтингте де қазақстандық спортшылар алдыңғы қатардан көрінуде. Ерлер арасындағы еркін бағдарламада Эдуард Ким көш бастап тұр. Виктор Друзин екінші орында келеді. Техникалық бағдарламада Друзин екінші, Эдуард Ким бесінші, ал Алдияр Рамазанов сегізінші орында орналасқан.
Аралас жұптардың техникалық бағдарламасында Алдияр Рамазанов пен Ясмина Исламова жалпы есепте екінші орынға көтерілді. Ал Артур Майданов пен Айғаным Саим үздік үштікті түйіндеп тұр. Еркін бағдарламада Виктор Друзин мен Наргиза Болатова үшінші сатыда келеді.
Сонымен қатар Қазақстан құрамасы топтық еркін және акробатикалық бағдарламаларда жалпы рейтингте көш бастап тұр.
Техникалық бағдарламадағы әйелдер арасындағы жұптық сында Наргиза Болатова, Арина Пушкина және Ясмин Туякова үшінші орында орналасқан. Ал еркін бағдарламада Даяна Джаманчалова, Мақпал Қалмұрза және Полина Мерзлякова да үздік үштіктен көрінуде.
Әйелдер арасындағы техникалық бағдарламада Ясмина Исламова қазіргі таңда жалпы рейтингтің жетінші сатысында тұр.
Испаниядағы соңғы кезең Қазақстан құрамасы үшін жалпы рейтингтегі орнын нығайтып, суперфинал алдындағы басты фавориттердің бірі екенін дәлелдеуге мүмкіндік береді.



