«Қазақстан Әуесқой лигасының» жаңа маусымы басталды

Еліміздегі ең ірі бұқаралық футбол жобаларының бірі саналатын «Қазақстан Әуесқой лигасының» жаңа маусымы басталды.
Өткен жылы қолға алынған жоба биыл да жалғасын тауып, Шығыс Қазақстан облысында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында алғашқы ойындар өтті.
Шымкентте турнирге деген қызығушылық айтарлықтай артқан. Егер былтыр жарысқа 17 команда қатысса, биыл бас жүлде үшін 27 ұжым бақ сынауда. Командалар екі топқа бөлініп, айналмалы жүйе бойынша ойнап жатыр.
Матчтар «Металлург», ФК «Ордабасы», «Ремонтник», «Локомотив» стадиондарында және қала маңындағы «Томирис» пен «Ұлан» ареналарында өтуде. Барлық кездесулер тікелей эфирде көрсетіледі. Қазіргі таңда А лигасында Kaspinet, ал Б лигасында «Ақсукент» командалары көш бастап тұр.
Алматы қаласында А лигасында 12 команда өнер көрсетуде. Ойындар Jas Qyran және Akas Arena стадиондарында ұйымдастырылуда. Барлық матчтар да тікелей эфирде көрсетіліп жатыр. Турнир кестесінде әзірге DN Motors командасы бірінші орында келеді. Сонымен қатар, жергілікті федерация чемпион атанған командаға республикалық кезеңге қатысу үшін 500 мың теңге көлемінде сыйақы береді.
Шығыс Қазақстан облысындағы жарысқа тоғыз команда қатысуда. Матчтар «Алтай», «Локомотив» және «Восток» стадиондарында өтіп жатыр. Жүлдегерлер үшін жалпы қоры 1 миллион теңге болатын сыйақы қарастырылған.
«Қазақстан Әуесқой лигасы» — еліміздегі бұқаралық футболды дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Турнир әуесқой командаларға тұрақты түрде жарыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік беріп қана қоймай, өңірлердегі футболдың дамуына серпін береді. Сонымен бірге, жоба талантты ойыншыларды анықтап, олардың кәсіби футболға өтуіне жол ашады.



