ҚФФ Премьер-лига төрешілерінің жұмысына қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстан футбол федерациясы Премьер-лига төрешілерінің жұмысына байланысты қоғамдағы пікірталастарға орай ресми мәлімдеме жариялады.
Федерация соңғы бір жыл ішінде төрешілік сапасын арттыру бағытында бірқатар жүйелі шара қабылданғанын атап өтті. Атап айтқанда, биыл ақпан айында Премьер-лига төрешілеріне арналған 12 күндік маусымалды семинар ұйымдастырылып, оған УЕФА мамандары қатысты. Семинар барысында дене дайындығы, ойын ережелері және бейнеэпизодтар бойынша міндетті тестілеу өткізілді. Сонымен қатар маусым барысында ай сайынғы жұмыс семинарларын өткізу тәжірибесі енгізілген. Алғашқы жиын сәуір айында Алматыда өтті.
ҚФФ жаңа Hawk-Eye VAR жүйесіне көшкенін де мәлімдеді. Бұл технология FIFA мен УЕФА жарыстарында қолданылады. Сондай-ақ төрешілердің шешім қабылдау сапасын арттыру үшін REFPAL онлайн-платформасы енгізілген. Осы жүйе арқылы апта сайын шамамен жиырма бейнеэпизод талданып, төрешілер мен инспекторларға жіберіліп отырады.
Федерация мәліметінше, ҚПЛ-дың барлық матчтары Төрешілік және бақылау департаменті тарапынан толық сараптамадан өтеді. Инспекторлардың есептері салыстырылып, қажет жағдайда қайта қаралады. Соңғы баға төрешілердің кәсіби дамуына негіз ретінде қолданылады.
Сонымен бірге төменгі лигалардағы төрешілерді рейтингтеу жұмыстары жүргізіліп, әйел төрешілерге арналған арнайы семинар ұйымдастырылған.
ҚФФ халықаралық деңгейдегі көрсеткіштердің де оң өзгерісті көрсететінін атап өтті. 2026 жылдың 1 қаңтары мен 30 сәуірі аралығында қазақстандық төрешілер УЕФА аясындағы ерлер матчтарына алты мәрте тағайындалған. Салыстырмалы түрде алғанда, былтыр осы кезеңде бес, ал 2024 жылы үш тағайындау болған.
Федерация ашықтық қағидатына да назар аударып отыр. ҚПЛ-дың 6-туры аяқталғаннан кейін төрешілік шешімдерге қатысты ашық бейнеталдаулар жариялана бастаған. Бұл тәжірибе тұрақты түрде жалғасады және қателіктер де ашық қаралатын болады.
Сондай-ақ маусым барысында БАҚ өкілдеріне арналған арнайы брифингтер өткізу жоспарланған. ҚФФ клубтармен де ашық байланыс орнатып, ойын ережелері мен әдістемелік ұсынымдар бойынша техникалық брифингтер ұйымдастыруды ұсынған.
Федерация төрешілікте қателіктердің толық болмауына кепілдік бере алмайтынын мойындап, негізгі мақсат мұндай жағдайларды барынша азайту екенін жеткізді.
Мәлімдемеде жақын арада халықаралық тәжірибесі бар жаңа бас хатшының қызметіне кірісетіні де айтылды. ҚФФ бұл өзгеріс басқару және реформалық бағыттағы жұмысты күшейтеді деп есептейді.



