
Алматыда өтіп жатқан стенд атудан Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан құрамасы алғашқы медаліне қол жеткізді.
Әсем Орынбай әйелдер арасындағы «скит» жаттығуында топ жарып, алтын жүлдеге ие болды. Финалда қазақстандық спортшы 33 ұпай жинап, үздік нәтиже көрсетті.
Осы көрсеткішпен Әсем Орынбай биыл командаласы Адель Садақбаева тіркеген әлем рекордын қайталады.
Күміс медаль қытайлық Итин Цзянға бұйырды — 30 ұпай. Ал италиялық Мартина Бартоломей 27 ұпаймен қола жүлдегер атанды.
Айта кетейік, Алматыдағы Әлем кубогы кезеңі 4 мамырда басталды. Жарыс Александр Асанов атындағы ату клубында өтіп жатыр және 11 мамырға дейін жалғасады.



