ФУТБОЛ

Алматыдағы №31 мектеп «Былғары доп» ұлттық мектеп лигасының чемпионы атанды

Астанада 9–11 сынып оқушылары арасында өткен «Былғары доп» ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңі өз мәресіне жетті.

Финалдық кездесуде Алматы қаласының №31 мектебі мен Жамбыл облысы Шу қаласындағы №40 мектеп-лицей командалары жолықты. Шешуші матчта алматылықтар 3:0 есебімен сенімді жеңіске жетіп, турнир чемпионы атанды.

Екінші орын Жамбыл облысының командасына бұйырса, үшінші орынды Астана қаласындағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицей иеленді.

Турнир қорытындысы бойынша үздік ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталды:

  • Үздік бапкер – Сәкен Әбдігүл (Жамбыл облысы)
  • Үздік қақпашы – Денис Багаутдинов (Ұлытау облысы)
  • Үздік қорғаушы – Диас Әбілхамит (Жамбыл облысы)
  • Үздік жартылай қорғаушы – Мадияр Нышынбай (Астана)
  • Үздік сұрмерген – Бекжан Жалдыбай (Ақтөбе облысы) – 13 гол
  • Үздік ойыншы – Қайсар Малаев (Алматы)

Алматы командасының бас бапкері Данияр Велахунов финалдан кейін өз пікірін білдірді:
— Жамбыл облысының командасына қарсы ойын оңай болған жоқ. Барлық мүмкіндіктерімізді пайдалана алмасақ та, 3:0 есебімен жеңіске жеттік. Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оқушыларымыздың алдағы уақытта да биік жетістіктерге жететініне сенемін.

Команда ойыншысы Тамерлан Кадиров та әсерімен бөлісті:
— Турнир өте тартысты өтті. Бұл жеңіс – бүкіл команданың еңбегі. Финал басында қиын болды, бірақ кейін ойынымыз жүрді. Өз мектебіміздің намысын қорғау біз үшін ерекше маңызды болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button