
Қазақстан құрамасы Қытайдың Санья қаласында өткен 2026 жылғы жағажайдағы Азия ойындарындағы жарыстарын аяқтады. Ұлттық команда жалпы есепте сегіз медаль жеңіп алды. Оның біреуі – алтын, біреуі – күміс және алтауы – қола жүлде.
Жалғыз алтын медальді джиу-джитсудан 69 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Нұржан Батырбеков иеленді.
Күміс жүлдені су добынан Қазақстан әйелдер құрамасы жеңіп алды. Команда сапында Ариадна Затыльникова, Камила Наурызбаева, Таира Мухаева, Яна Смолина, Василиса Антропова, Фатима Маткаримова және Аида Алпысбай өнер көрсетті.
Қола медальдар джиу-джитсу, су добы және спорттық құзға өрмелеу бойынша еншіленді. Атап айтқанда, джиу-джитсудан Батыр Теңізбай (62 келіге дейін), Әлинұр Қуатұлы (69 келіге дейін) және Сейілхан Болатбек (77 келіге дейін) үздік үштіктен көрінді. Су добынан ерлер құрамасы да қола жүлдеге ие болды. Ал спорттық құзға өрмелеуде Ришат Хайбуллин жекелей сында және Ришат пен Рашид Хайбуллиндер эстафетада үшінші орын алды.
Сондай-ақ қазақстандық спортшылар бірқатар сайыста жүлдеге бір табан жақын нәтиже көрсетті. Ашық суда жүзу мен акватлоннан аралас командалық жарыста, сондай-ақ жағажай күресінен Ермахан Көшкінбаев, Бейбіт Сейдуәлі және Алина Ертөстік төртінші орын алды. Бесінші орынға Дарын Қонысбаев (акватлон), Мансұр Хабибулла, Жібек Құлымбетова және Ажар Салықова (джиу-джитсу) ие болды.
Жалпы алғанда, Қазақстан спортшылары бұл додада тоғыз спорт түрі бойынша сынға түсіп, құрлықтық жарысты жоғары нәтижемен аяқтады.



