ФУТБОЛ

ҚФФ Техникалық даму комитеті ұлттық құрамалардың дамуын талқылады

Қазақстан футбол федерациясының Техникалық даму комитетінің кезекті отырысы өтіп, ұлттық құрамалардың нәтижелері мен алдағы даму бағыттары қарастырылды.

Жиын барысында ҚФФ техникалық директоры Геннадий Скуртул «Батыр жолы» жобасының тұжырымдамасын таныстырды. Аталған жоба заманауи талаптар мен ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, қазақстандық футболшының бірыңғай моделін қалыптастыруға бағытталған. Талқылау қорытындысы бойынша құжат мақұлданып, ұсыныстар негізінде жетілдіру үшін қайта қарауға жіберілді.

Отырыста 2026 жылғы 1–9 маусым аралығындағы ФИФА күнтізбесіне ерекше назар аударылды. Бұл кезеңде ұлттық құрамаларға басымдық беру және ойын кестесін клубтық жарыстармен тиімді үйлестіру қажеттігі атап өтілді.

Комитет мүшелері Қазақстан құрамаларының УЕФА аясындағы турнирлердегі нәтижелерін де саралады. U-17 және U-19 жасөспірімдер құрамаларының Еуропа чемпионатының элиталық іріктеу кезеңіндегі көрсеткіштері «қанағаттанарлық» деп бағаланды. Сонымен қатар, Қазақстан тарихында алғаш рет екі жасөспірімдер құрамасының бірдей элиталық кезеңге шығуы оң нәтиже ретінде атап өтілді.

Федерация U-17 құрамасының бас бапкері Бауыржан Сағындық пен U-19 құрамасының жаттықтырушылар штабына алғыс білдіріп, дайындық кезеңіндегі Кирилл Кеккердің еңбегін ерекше атап өтті.

Әйелдер құрамалары арасында Юлия Мамонова жетекшілік ететін U-17 командасы жоғары нәтиже көрсетіп, В лигасының іріктеу тобында бірінші орын алып, тарихта алғаш рет А лигасына жолдама алды. Ал Ксения Постовая баптайтын U-19 құрамасының нәтижесі сәтсіз деп бағаланғанымен, команданың жас құраммен өнер көрсетуі маңызды тәжірибе ретінде қарастырылды.

Кадрлық шешімдер бойынша бірқатар тағайындаулар бекітілді. Тимур Қасымов U-19 (2008 жылғы ойыншылар) құрамасының аға бапкері болып тағайындалды. Команда маусым айында Грекияда өтетін А лигасында Грекия, Португалия және Сербия құрамаларына қарсы ойнайды.

Сондай-ақ Русланжан Раимбакиев U-17 (2010 жылғы ойыншылар) құрамасының аға бапкері міндетін атқарушы қызметіне кірісті. Бұл команда қараша айында Грузияда өтетін іріктеу турниріне қатысады.

Бұдан бөлек, маусым айындағы ФИФА күнтізбесінен бастап 2006–2007 жылғы футболшыларды U-21 жастар құрамасына қосу туралы шешім қолдау тапты. Бұл қадам ойыншылардың кезең-кезеңімен дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button