БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Қазақстан су добынан жағажайдағы Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды

Қазақстанның ерлер құрамасы су добынан Қытайдың Санья қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы жағажайдағы Азия ойындарында қола жүлдеге ие болды.

Қола медаль үшін өткен шешуші кездесуде қазақстандық спортшылар Оңтүстік Корея құрамасымен күш сынасты. Матч қорытындысы бойынша біздің команда қарсыласын 3:0 есебімен сенімді түрде жеңді (4:2, 2:1, 3:2).

Жарыс айналмалы жүйе бойынша өтті, яғни барлық командалар бір-бірімен кездесті. Қазақстан құрамасы бес матчтың үшеуінде жеңіске жетіп, екі ойында жеңіліс тапты.

Ел намысын бұл додада Темірлан Балфанбаев, Сұлтан Шонжігітов, Мұрат Шәкенов, Эдуард Цой, Руслан Ахметов, Александр Еремин және Алдияр Әкімбай қорғады.

Осы нәтижеден кейін Қазақстан құрамасының жалпы жүлде саны жетіге жетті. Бұған дейін джиу-джитсудан Нұржан Батырбеков алтын медаль жеңіп алса, әйелдер құрамасы су добынан күміс жүлдеге қол жеткізген еді. Сонымен қатар Батыр Теңізбай, Сейілхан Болатбек және Әлинұр Қуатұлы джиу-джитсудан қола жүлдеге ие болды. Ал Ришат Хайбуллин спорттық құзға өрмелеуден үздік үштікті түйіндеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button