
Қытайдың Санья қаласында өтіп жатқан VI Азия жағажай ойындарының төртінші жарыс күні аяқталды.
Бүгін қазақстандық спортшылар баскетбол (3×3), су добы, жағажай волейболы, ашық суда жүзу және акватлон бойынша сынға түсті.
Су добынан Қазақстан ерлер құрамасы турнирдегі алғашқы матчында Таиландты 3:1 есебімен жеңіп, сенімді ойын өрнегін көрсетті.
Ал баскетболдан (3×3) ерлер құрамасы топтық кезеңде екі ойын өткізіп, Үндістанға 10:19 және Қатарға 15:22 есебімен есе жіберді. Әйелдер құрамасы да Қытайға қарсы кездесуде 8:21 есебімен жеңілді.
Жағажай волейболында Қазақстан-2 ерлер командасы (Дмитрий Яковлев – Абдулмажид Мұхаммад) Моңғолия құрамасын 2:0 есебімен жеңді. Ал әйелдер арасындағы Қазақстан-1 (Қабылбекова – Иванченко) және Қазақстан-2 (Каримова – Рюхова) командалары Филиппин өкілдеріне жол берді — 0:2.
Акватлоннан аралас эстафетада Рамазан Әйнегов, Дарын Қонысбаев, Диана Ержанова және Алуа Нұрмұхаметтен құралған қазақстандық команда 1:05:16 нәтижесімен төртінші орын алды.
Ашық суда 5 шақырым қашықтықта Мария Федотова 6-орынға (1:04:15,4), ал Дарья Пушко 10-орынға (1:06:43,9) тұрақтады.
Айта кетейік, бұл кешенді жарыс күзде Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындық кезеңдерінің бірі саналады.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медальмен жалпы есепте 7-орында келеді. Жарыс 30 сәуірде аяқталады.



