
2026 жылғы жағажайдағы Азия ойындары Қытайдың Санья қаласында 22 сәуірде басталады. Қазақстан құрамасы бұл додада тоғыз спорт түрі бойынша сынға түседі.
Алғашқы жарыс күні, 22 сәуірде, су добынан әйелдер құрамасы Таиландқа қарсы матч өткізеді. Кездесу Астана уақытымен 06:30-да басталады. Сол күні кешке, 17:00-де, ойындардың ашылу салтанаты өтеді.
Келесі күндері қазақстандық спортшылар акватлон, джиу-джитсу, жағажай волейболы, желкенді спорт, ашық суда жүзу және 3×3 баскетбол бойынша бақ сынайды. Атап айтқанда, 23 сәуірде акватлоннан финалдық жарыстар, сондай-ақ джиу-джитсудан іріктеу және финал кезеңдері өтеді.
24–26 сәуір аралығында жарыстар жалғасып, су добы, желкенді спорт, жағажай волейболы мен ашық суда жүзу бойынша маңызды кездесулер өтеді. Сонымен қатар, 25 сәуірде 3×3 баскетболдан Қазақстан құрамасы бірнеше матч өткізеді.
27–29 сәуір күндері турнир шешуші кезеңіне жақындайды. Бұл уақытта жағажай волейболынан ширек және жартылай финалдар, спорттық құзға өрмелеу, жағажай күресі және 3×3 баскетболдан медаль үшін ойындар жоспарланған.
30 сәуір күні жарыстың жабылу салтанаты өтеді.
Айта кетейік, жарыс кестесіне өзгерістер енгізілуі мүмкін.



