ҚФФ жас футболшыларға арналған жаңа скаут платформасын іске қосады
Қазақстан футбол федерациясы елдегі дарынды футболшыларды анықтауға арналған ұлттық скаут платформасының іске қосылғанын жариялады.
Жаңа жүйе таланттарды дамытуға бағытталған ұлттық экожүйенің бір бөлігі болып саналады. Платформа арқылы ойыншылар қай елде немесе қай деңгейде өнер көрсететініне қарамастан федерация мамандарының назарына іліге алады.
Жобаға Қазақстан клубтары мен академияларында ойнайтын, шетелде өнер көрсетіп жүрген, сондай-ақ кәсіби және әуесқой деңгейдегі 21 жасқа дейінгі барлық футболшылар тіркеле алады.
Платформаға қосылған ойыншылар ҚФФ базасына енгізіліп, скауттардың бақылауына алынады. Сонымен қатар олар қаралымдарға, оқу-жаттығу жиындарына және түрлі турнирлерге шақырту алу мүмкіндігіне ие болады.
Федерация бұл бастама арқылы әлемнің әр түкпіріндегі қазақстандық таланттарды бір жүйеге біріктіріп, ұлттық құрамаларға жаңа ойыншылар тартуды көздейді.



