
Алматыда өткен үстел теннисінен Қазақстан чемпионатында Кирилл Герасименко турнирдің басты қаһарманына айналды.
Ел құрамасының көшбасшысы бірден үш бағдарламада топ жарып, жекелей, жұптық және аралас жұптық сында алтын медаль иеленді. Осы нәтижесімен ол чемпионаттың ең үздік ойыншыларының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жекелей сында күміс жүлдені Санжар Жұбанов еншілесе, қола медальдар Ескендір Харки мен Айдос Кенжіғұловқа бұйырды. Әйелдер арасында Зәуреш Ақашева чемпион атанып, Қарағанды облысының спортшылары жоғары нәтиже көрсетті.
Жұптық және аралас сайыстарда да тартыс жоғары деңгейде өтті. Ерлер арасында Герасименко Алан Құрманғалиевпен бірге жеңіске жетсе, аралас жұпта Зәуреш Ақашевамен бірге чемпион атанды.
Командалық есепте ерлер арасында Алматы құрамасы топ жарса, әйелдер арасында Қарағанды облысының командасы жеңіске жетті.



