
Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі «Спорт» сериясы аясында «OLYMPIC GAMES 2026. SHORT TRACK» атты коллекциялық монетаны айналымға шығаратынын мәлімдеді.
Коллекциялық монетаның номиналы — 1000 теңге. Ол 925 сынамалы күмістен жасалған, түсті басып шығару технологиясы қолданылып, proof сапасында дайындалған. Монетаның салмағы 20 грамм, диаметрі 37 мм. Дайындау таралымы шектеулі — бар болғаны 2000 дана.
Монеталар Қазақстан теңге сарайында соғылып, немістің MDM Münzhandelsgesellschaft mbH & Co. KG Deutsche Münze нумизматика компаниясымен серіктестік негізде әзірленген.
Коллекциялық монеталардың сатылымға шығу уақыты туралы қосымша ақпарат Ұлттық банктің ресми сайтында жарияланатын болады.
Айта кетейік, бұл монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемдердің барлық түрі бойынша номиналдық құнымен қабылданады, сондай-ақ елдегі барлық банктерде банк шоттарына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады.
Монета 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары аясындағы шорт-трек спортына арналған және олимпиадалық құндылықтарды дәріптейтін нумизматикалық туынды ретінде ұсынылып отыр.



