ТЕННИС
Теннис: жасөспірімдер арасындағы «Ролан Гаррос» іріктеуінде жартылай финалистер белгілі болды

Алматыдағы топырақты кортта өтіп жатқан Roland Garros Junior Series by Renault – Qualifications West and Central Asia іріктеу турнирінде жартылай финалға шыққан ойыншылар анықталды.
Қыздар арасында:
- Еркежан Жанатаева ширек финалда Гаухар Ақтанды 6:3, 6:2 есебімен жеңіп, жартылай финалда Түрікменстан спортшысы Илима Гусейновамен кездеседі. Гусейнова өз кезегінде Софья Малышеваны 6:1, 6:1 есебімен ұтты.
- Тағы бір жұпта Алиса Королёва үш сағатқа созылған тартысты ойында Каролина Легайды 6:7 (1:7), 7:6 (7:2), 6:4 есебімен тізе бүктірді. Енді ол финал жолдамасы үшін Адиа Омарбекпен күш сынасады. Адиа ширек финалда өзбекстандық Кейра Кимді 6:2, 6:4 есебімен жеңді.
Ұлдар арасында:
- Мансұр Саинов ширек финалда Ратмир Пулькевичтен 6:4, 6:1 есебімен басым түсіп, жартылай финалда өзбекстандық Алан Зинатулинмен ойнайды.
- Екінші жартылай финалда Аңсар Ниетқалиев Абдурахмон Каримовты 3:6, 6:1, 6:4 есебімен ұтып, финалға шығу үшін тағы бір өзбекстандық теннисші Акмал Абдуллаевпен кездеседі.
Финалға жолдама беретін матчтар алдағы күндері өтеді.



