Спорт Министрі | Өзбекстанның ерлер құрамасы Астанадағы бокс кубогына қатыспайды
БОКС

Өзбекстанның ерлер құрамасы Астанадағы бокс кубогына қатыспайды

Астанада бүгін басталған World Boxing Әлем кубогының кезеңіне Өзбекстанның ерлер құрамасы қатыспайды.

28 маусымда өткен мандаттық комиссия отырысының нәтижесіне сәйкес, жарысқа тек Өзбекстанның әйелдер құрамасы тіркелген. Ерлер командасы ресми қатысушылар тізімінде жоқ.

Айта кетейік, өзбекстандық боксшылар халықаралық жарыстарда қазақстандық спортшылардың басты қарсыластарының бірі саналады. Бұл елдің ерлер құрамасының турнирге қатыспауы жарыс барысындағы күштер тепе-теңдігіне әсер етуі мүмкін.

30 маусым мен 7 шілде аралығында Астанада өтетін турнир — World Boxing халықаралық ұйымының қамқорлығымен ұйымдастырылған Әлем кубогының екінші кезеңі. Додаға 30 елден 300-ден астам спортшы қатысып, ерлер мен әйелдер арасындағы 10 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынады.

World Boxing Әлем кубогы — Халықаралық олимпиада комитеті IBA ұйымын мойындаудан бас тартқаннан кейін құрылып, олимпиадалық бокстың жаңа басты алаңына айналуы тиіс халықаралық турнир. Астанадағы кезең рейтингтік жүйенің маңызды бөлігі саналады және спортшыларға 2025 жылғы 15–22 қарашада Үндістанда өтетін суперфиналға жолдама беретін ұпайлар жинауға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button