БОКСТРЕНДТЕ

Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында Түркістан облысының боксшылары топ жарды

Ақтау қаласында 7–13 қараша аралығында өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды. Боксшылар 14 салмақ дәрежесінде ел чемпионы атағын сарапқа салды.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Түркістан облысының құрамасы бірінші орын иеленді. Өңір спортшылары үш алтын, үш күміс және екі қола медаль жеңіп алды.

Екінші орынға екі алтын, бір күміс және бес қола жүлде жинаған Шымкент қаласының командасы орналасты. Ал екі алтын және бір қола медаль иеленген Маңғыстау облысының боксшылары үздік үштікті түйіндеді.

Алматы қаласының спортшылары бір алтын, төрт күміс және үш қола медаль жеңіп алса, Шығыс Қазақстан облысының өкілдері бір алтын, бір күміс және үш қола жүлдеге қол жеткізді.

Чемпионатта Түркістан облысының үш боксшысы алтын медаль иеленді. Атап айтқанда, 44 келіде Дарын Қалдыбай, 46 келіде Жанарыс Оспан және 50 келіде Нұрислам Сайлау ел чемпионы атанды.

Шымкент қаласының намысын қорғаған Дінмұхамед Ануар 54 келіде, Нұрасыл Ғалым 60 келіде жеңіске жетті. Ал жарысты қабылдаған Маңғыстау облысының өкілдері Аманжан Жаңай (70 келі) мен Дамир Жанай (80 келі) алтын жүлдегер атанды.

Қазақстан чемпионатының барлық жеңімпаздары:

  • 44 келі – Дарын Қалдыбай (Түркістан облысы)

  • 46 келі – Жанарыс Оспан (Түркістан облысы)

  • 48 келі – Қуаныш Халимбет (Шығыс Қазақстан облысы)

  • 50 келі – Нұрислам Сайлау (Түркістан облысы)

  • 52 келі – Бибарыс Сұлтан (Ұлытау облысы)

  • 54 келі – Дінмұхамед Ануар (Шымкент қаласы)

  • 57 келі – Жандәулет Бейсенғазы (Алматы облысы)

  • 60 келі – Нұрасыл Ғалым (Шымкент қаласы)

  • 63 келі – Тамирлан Қайыржан (Қарағанды облысы)

  • 66 келі – Нұрбақыт Төрегелді (Алматы қаласы)

  • 70 келі – Аманжан Жаңай (Маңғыстау облысы)

  • 75 келі – Әбілмансұр Марат (Батыс Қазақстан облысы)

  • 80 келі – Дамир Жанай (Маңғыстау облысы)

  • 80 келіден жоғары – Айбын Мәжит (Жетісу облысы)

Жалпы, чемпионаттың алтын медальдары еліміздің 10 өңіріне бұйырды. Түркістан облысы үш чемпион шығарса, Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысы екі алтыннан иеленді.

Ақтаудағы ел біріншілігінде 17 өңірдің спортшылары жүлдеге қол жеткізді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button