
Қазақстандық теннисші Анна Данилина жұптық сында Ролан Гаррос турнирінің финалына жолдама алды, деп хабарлайды SportM.kz.
Әлемнің 17-ракеткасы Данилина бұл жарысқа сербиялық Александра Круничпен жұптасып қатысуда. Жартылай финалда олар норвегиялық Ульрикке Эйкери мен жапониялық Эри Ходзумиге қарсы шықты.
Кездесу тартысты өтті. Бірінші сетте Данилина – Крунич жұбы брейкпен алға шыққанымен, қарсыластары есепті теңестірді – 3:3. Алайда тай-брейкте қазақстандық- сербиялық дуэт 7:6 (7:5) есебімен басым түсті.
Екінші сетте Эйкери – Ходзуми дуэті 6:3 есебімен есепті теңестірді. Ал шешуші үшінші партияда Данилина – Крунич жұбы 7:5 нәтижесімен жеңісті жұлып алды.
Ойын үш сағатқа жуық уақытқа созылды. Қазақстандық- сербиялық жұп 2 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың 6-ын тиімді пайдаланған.
Финалда Анна Данилина мен Александра Крунич италиялық Сара Эррани – Жасмин Паолини немесе ресейлік Мирра Андреева – Диана Шнайдер дуэтінің жеңімпазымен кездеседі.