Азиада-2026: Астанада Fun Run жүгіру шарасы өтті

Астананың Орталық саябағында «Аичи-Нагоя 2026» Азия ойындарын насихаттау мақсатында Fun Run атты символдық жүгіру шарасы ұйымдастырылды. Бұл бастама Азия Олимпиадалық кеңесінің Құрлықтық спортшылар форумының бағдарламасына енгізілген.
Жүгіруге форум делегаттары мен жас спортшыларды қоса алғанда 100-ден астам адам қатысты. Қатысушылар 2 шақырымдық қашықтықты еңсеріп, мәреге жеткендердің барлығына естелік медаль табысталды.
Бұл шара спорт пен салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, Азия елдері арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға да серпін берді.
ХХ жазғы Азия ойындары 2026 жылы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтеді. Азиада-2026 бағдарламасына 41 спорт түрі енген. Барлығы 68 бағдарлама бойынша 460 жүлде сарапқа салынады: 217-сі ерлер, 204-і әйелдер, 39-ы аралас санаттарға тиесілі. Бағдарламада олимпиадалық, олимпиадалық емес және дәстүрлі азиялық спорт түрлері қамтылған.