Спорт Министрі | Геннадий Головкин қазақ күресінен әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпаздарын марапаттады
КҮРЕСТРЕНДТЕ

Геннадий Головкин қазақ күресінен әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпаздарын марапаттады

14 тамызда Астанада қазақ күресінен әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионаты басталды. Аталған додада әлемнің ең мықты спортшылары белдесуде.

Әйелдер арасында 56 келі салмақ дәрежесіндегі жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин қатысты.

«Қазақ күресі — тек ұлттық спорт түрі ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның мәдени мұрасының маңызды бөлігі. Астанада әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионатын өткізу осы күресті кең аудиторияға таныстырып, елдер арасындағы спорттық және достық байланыстарды нығайтып, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыруға мүмкіндік береді», — деді Геннадий Головкин.

Жарысқа 20-дан астам елдің өкілдері қатысуда, соның ішінде Пәкістан, БАӘ, Тунис, Ресей, Италия, Түркия, Марокко, Молдова, Үндістан, Қырғызстан, Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Бразилия, Таиланд, Өзбекстан, Тәжікстан, Камерун, Гана, Эфиопия, Венесуэла, Иран және басқа да мемлекеттер бар.

Чемпионат бағдарламасына сәйкес медальдар 16 салмақ дәрежесінде сарапқа салынады. Яғни ерлер мен әйелдер 8 салмақ бойынша сынға түседі. Қазақстан атынан әлем чемпионатында Қарулы Күштер мен ҚР Мемлекеттік Күзет Қызметінің таңдаулы балуандары өнер көрсетеді. Қазақстанның құрамы 2025 жылдың басында Алматыда өткен ішкі іріктеу чемпионаты нәтижесі бойынша анықталған.

Айта кетейік, Қазақстан әскери қызметшілер арасындағы қазақ күресінен алғашқы әлем чемпионатын өткізу құқығына 2024 жылдың мамырында Танзанияда өткен Халықаралық әскери спорт кеңесінің 79-шы Жалпы ассамблеясы мен конгресінде таныстырылым жасағаннан кейін ие болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button