Спорт Министрі | Геннадий Головкин Халықаралық спорттық ату федерациясының президентімен кездесті
БАСҚАЛАРЫ

Геннадий Головкин Халықаралық спорттық ату федерациясының президентімен кездесті

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық спорттық ату федерациясының (ISSF) президенті Лучано Россимен кездесті.

Кездесуге сондай-ақ Азия спорттық ату конфедерациясының президенті шейх Салман Сабах әл-Салем әл-Хомуд ас-Сабах, Қазақстан ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев және Қазақстан спорттық ату федерациясының бас хатшысы Олег Почивалов қатысты.

Әңгіме барысында ISSF басшысы Лучано Росси Қазақстанда ату спортына деген қызығушылықтың артуы елдің әлемдік аренадағы беделін нығайтуға ықпал етіп отырғанын атап өтті.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы Париж Олимпиадасында қазақстандық мергендер араға 28 жыл салып жүлдеге қол жеткізді. 10 метрге пневматикалық винтовкадан атудан аралас жұптық сайыста Александра Ле мен Ислам Сәтпаев қола медаль жеңіп алды. Бұған дейін бұл спорт түрінен Қазақстан құрамасы 1996 жылы Атланта Олимпиадасында жүлдеге ие болған еді: Сергей Беляев – екі күміс, Владимир Вохмянин – қола медаль.

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықты нығайту және ату спортын дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Әсіресе, 16-30 тамыз аралығында Шымкентте өтетін XVI Азия чемпионатына дейінгі дайындыққа ерекше назар аударылды. Бұл жарыс – Қазақстан үшін спорттық атудың барлық түрлері қамтылған алғашқы Азия чемпионаты болмақ. Жарысқа Бахрейн, Вьетнам, Қытай, Үндістан, Иран, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа да елдерді қоса алғанда, 25-ке жуық мемлекеттің спортшылары келеді деп болжануда.

Сондай-ақ 2026 жылдың мамыр айында Қазақстанда стенд атудан Әлем кубогы өтеді деп жоспарланған.

Азия спорттық ату конфедерациясының президенті шейх Салман Сабах әл-Салем әл-Хомуд ас-Сабах Азиядағы, соның ішінде Қазақстандағы ату спортының даму деңгейін жоғары бағалады. ISSF аталған спорт түрінде бәсекелестіктің күшейіп келе жатқанын ескере отырып, Азия құрлығы үшін квота санын арттыру мүмкіндігін қарастыруда.

Шейх Салман Қазақстан ҰОК-не спорттық атуды қолдағаны және Азия ойындары бағдарламасында командалық жарыстарды сақтап қалуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, елдің халықаралық турнирлерді ұйымдастырудағы тәжірибесін атап өтті.

«Біз үшін спорттық атуды тек халықаралық деңгейде ғана емес, ел ішінде де дамыту маңызды. Жас спортшыларға жағдай жасау қажет. 2024 жылғы Олимпиададағы жетістік Қазақстанның ең жоғары деңгейде медаль үшін күресе алатынын көрсетті. Ал алдағы Азия чемпионаты бұл бағыттағы тағы бір маңызды қадам болмақ», – деді Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин.

Кездесу соңында тараптар спорттық атуды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа дайын екендерін білдірді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button