Қазақстандық төрешілер жасөспірімдер Олимпиадасының үміткерлер тізіміне енді

2026 жылы Сенегал астанасы Дакарда өтетін Жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындарының төрешілік құрамына қазақстандық мамандар үміткер атанды. Бұл туралы Халықаралық үстел теннисі федерациясы (ITTF) ресми түрде мәлімдеді.
Жас төрешілерге арналған жаңа бағдарлама аясында үміткерлерге онлайн оқыту, семинарлар мен нақты жағдайларда тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беріледі. Осы кезеңдерден сәтті өткен қатысушылар Олимпиадада төреші болу құқығына ие болады.
Іріктеу екі кезеңнен тұрады:
- I кезең (2025 жылғы тамыз–желтоқсан): ITTF сарапшыларының жетекшілігімен онлайн тәлімгерлік және теориялық дайындық
- II кезең (2026 жылғы қаңтар–тамыз): практикалық тапсырмалар, жобаларды бағалау, шынайы ортада төрешілік ету
- Қазан айында: Дакар қаласында қорытынды оқыту және бағалау сессиясы өтеді
Қазақстан үстел теннисі федерациясы атынан екі үміткер ұсынылды: Алматыдан халықаралық санаттағы төреші Дильназ Жалалдин және Қарағандыдан арбитр Артём Орел.
Бұл бастама – қазақстандық төрешілер үшін үлкен халықаралық аренаға жол ашатын маңызды мүмкіндік саналады.