
2026 жылы Астанада өтетін халықаралық «Болашақ ойындарының» мерзімі анықталды. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев хабарлады.
Оның айтуынша, 18 шілде мен 1 тамыз аралығында өтетін додаға 100-ге жуық елден 1500-ден астам спортшы қатысады. Екі аптаға созылатын жарыстар 13 бірегей дисциплинаны қамтиды. Бұл спорт түрлері дәстүрлі физикалық белсенділік пен цифрлық технологияларды ұштастырады.
— Жарыстар «Qazaqstan» спорт кешені, «Барыс Арена», «Сарыарқа» велотрегі, Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайы, «Алау» мұз сарайы, «Beeline Arena», Инклюзивті спорт орталығы, Конгресс-орталық және тағы басқа маңызды алаңдарда өтеді, — деді Жарасбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Сондай-ақ ол ашылу және жабылу салтанаттары жоғары технологиялы шоулар түрінде өтетінін, онда қосымша шындық (AR), 3D-мэппинг, лазерлік эффекттер және әлемдік жұлдыздардың қатысуы жоспарланғанын жеткізді.
Турнир аясында келесі 13 бағыт бойынша жарыстар ұйымдастырылады:
-
Phygital Football
-
Phygital Fighting
-
Phygital Basketball
-
Phygital Dancing
-
Phygital Hockey
-
Phygital Shooter
-
Phygital Battle Royale
-
MOBA 1 және MOBA 2
-
Phygital Drone Racing
-
Battle Bots
-
Phygital Boxing
-
Cybathletics
Айта кетейік, 2023 жылы 13 қазанда Дубай қаласында өткен ресми рәсімде Қазақстан «Болашақ ойындарының» 2026 жылғы иесі ретінде таңдалған болатын. Бұл бірегей турнирге Перу мен Чили де үміткер болған еді, алайда Астана басымдықпен жеңіп шықты.