«Olympic is born » атты акция бүкіл Қазақстанды қамтыды

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті дәстүрлі түрде «Olympic is born» атты акцияны ұйымдастыруда.
Бұл іс-шара жыл сайын 23 маусымда атап өтілетін Халықаралық Олимпиада күніне орай өткізіледі.
Осы күні дүниеге келген барлық сәбиге арнайы сыйлықтар, құттықтау хаттар мен жаңа туған нәрестелерге арналған естелік киім жиынтығы табысталады. Биыл сыйлықтар салынған қораптарды дайындауға Қазақстан құрамасының хоккейшілері Самат Данияр мен Владимир Волков қатысты.
Акция дәл түнгі сағат 00:00-де басталып, еліміздің барлық өңірлерін, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қамтыды. Бастамаға Қазақстан бойынша 240 перзентхана қосылды.
Әрбір нәрестеге «Olympian is born» деген жазуы бар боди мен қазақстандық спортшылардың атынан ашық хаттан тұратын сыйлық жиынтығы табысталады.
Ақмола облысында нәрестелерге арналған сыйлықтарды бір перзентханаға Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, ауыр атлет Анна Нұрмұхамбетова мен Олимпиада қатысушысы, шаңғышы Татьяна Осипова табыс етті.
«Біз үшін Олимпиадалық күн тек спорт мерекесі ғана емес, жаңа бастамалардың символы болғаны маңызды. Бұл акция – 23 маусым күні дүниеге келген балалардың отбасыларына бағытталған жылы лебіз. Осы балалардың болашағы жарқын әрі үлкен жетістіктер мен жеңістерге толы болады деп сенеміз. Барлық армандары орындалсын деп тілейміз», – деп атап өтті ҰОК өкілдері.
Акция 23 маусым күні түнгі сағат 00:00-де аяқталады.