Спорт Министрі | Қазақстандық шахматшылар рапид және блиц бойынша әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды
БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Қазақстандық шахматшылар рапид және блиц бойынша әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды

Қазақстандық шахматшылар Лондонда өткен командалық әлем чемпионатында рапид және блиц форматында өнер көрсетіп, командалық есепте күміс медаль еншіледі. Сонымен қатар, спортшылар алты бірдей жекелей жүлдеге, оның ішінде екі алтынға қол жеткізді.

KazChess командасы алдымен D тобында екінші орын алды. Кейін 1/8 финалда Rookies командасын, ширек финалда Freedom ұжымын, ал жартылай финалда Өзбекстан құрамасын жеңді. Финалда олар WR Chess Team командасымен кездесіп, қарсыластар өз чемпиондық атағын қорғап қалды.

Жүлде қоры бойынша WR Chess Team 75 000 еуро, KazChess – 50 000 еуро, қола жүлдегерлер – 30 000 еуро иеленді. Төртінші орынға – 20 000, бесінші орынға – 15 000 еуро берілді.

Жекелей есепте де қазақстандықтар үздіктер қатарынан көрінді. Ерғали Сүлеймен (Rookies, 7-тақта) мен Алдияр Сайлаубай (Ashdod Elit Chess Club, 9-тақта) алтын медаль алды. Алдияр Ансат (KazChess, 6-тақта), Ксения Балабаева (Barys.kz, 7-тақта) және Дармен Даурен (Rookies, 9-тақта) күміс жүлде иеленсе, Даниял Сапенов (Rookies, 2-тақта) қола медальмен марапатталды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button