Спорт Министрі | Кәсіби спортты қаржыландыру 6,7 млрд теңгеге қысқартылды – Антикор
МӘСЕЛЕТРЕНДТЕ

Кәсіби спортты қаржыландыру 6,7 млрд теңгеге қысқартылды – Антикор

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі (Антикор) Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, спортты қаржыландыру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізген, деп хабарлайды SportM.kz.

Агенттіктің мәліметінше, талдау отандық спорттың дамуына кедергі келтіретін жүйелі проблемаларды анықтаған. Кәсіби клубтар қаржыны спорт инфрақұрылымын салуға емес, басшылықтың жалақысын көтеруге, легионерлерге төлем жасау арқылы қаражатты сыртқа шығаруға, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға жұмсаған.

Талдау қорытындысы бойынша спортты дамытудың басым бағыттарын қайта қарау, оқу-жаттығу жиындарын бақылауды күшейту, кәсіби клубтар мен федерациялар бюджеттерін қысқарту, қаржыландыруды орталықтандыру және цифрландыруды енгізу жөнінде 50-ден астам ұсыныс енгізілді.

Нәтижесінде 2024 жылғы желтоқсанда және 2025 жылғы наурызда бірқатар салалық ережелерге өзгерістер енгізілді. Енді мемлекеттік қаржы алатын футбол клубтарында балалар мен жасөспірімдер футбол бөлімшелері, жастар командалары мен өз стадиондары болуы тиіс.

Оқу-жаттығу жиындарына бақылау күшейтіліп, олардың санына лимит белгіленді.

Агенттік ұсынымы негізінде 2025 жылғы 15 сәуірде «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға толықтырулар енгізіліп, кәсіби клубтарды қаржыландыру көлеміне лимит белгілеу және Қазақстан азаматтары емес спортшыларды бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салу көзделді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кәсіби спортты қаржыландыру 6,7 млрд теңгеге (60,5 млрд теңгеден 53,8 млрд-қа дейін) қысқартылды. Сондай-ақ, негізсіз жұмсалған 1,3 млрд теңге бюджетке қайтарылды.

Тиімсіз басқару салдарынан 11 спорт нысаны мемлекеттік мекемелердің балансына берілді.

Қабылданған шаралар отандық спортты дамытуға және жас буынның спорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button