Қазақстан ҰОК Астана мен Алматы қалаларындағы мектеп оқушыларына арнап олимпиадалық сабақтар өткізеді

Арнайы ұйымдастырылған бұл іс-шаралар Халықаралық Олимпиада күні мен Балаларды қорғау күніне жоспарланған.
Игі бастаманың мақсаты – оқушыларды олимпиадалық ойындардың тарихымен таныстыру, Қазақстан атлеттерінің жетістіктері жөнінде ақпарат беру, жас буынның спортқа деген қызығушылығын арттыру және олардың бойында мақсатқа ұмтылушылықты қалыптастыру.
Сабақтар оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай екі түрлі бағытта өтеді. Бастауыш сынып оқушыларына олимпиадалық ойындардың тарихы, қозғалыс символикасы және Қазақстанның танымал спортшыларымен таныстыруды қамтитын интерактивті бағдарлама ұсынылады.
Ал жоғары сынып оқушылары олимпиадалық қозғалыстың тарихын тереңірек меңгереді: ежелгі Грекиядағы Олимпиадалардан бастап қазіргі заманауи ойындарға дейін. Сондай-ақ олар жазғы және қысқы Олимпиадалар арасындағы айырмашылықтарды біліп, еліміздің атақты спортшыларымен танысады.
Олимпиадалық сабақтардың спикерлері:
– 2016 жылы Риода өткен Олимпиада ойындарының чемпионы, жүзуші Дмитрий Баландин,
– 2010 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, биатлоншы Елена Хрусталева,
– 2018 және 2022 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, фристайл-акробатикадан Азия ойындарының қола жүлдегері Аяна Жолдас,
– 2018 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, мәнерлеп сырғанаушы Айза Мамбекова,
– 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы, байдарка мен каноеде есу шебері Илья Голендов,
– екі Олимпиада ойындарына қатысқан, әртістік жүзуден спорт шебері Александра Немич.
Айта кетейік, Олимпиадалық сабақтар басталмас бұрын оқушылар үшін таңертеңгілік жаттығу ұйымдастырылады. Бұл – Балаларды қорғау күніне арналған республикалық бастаманың бір бөлігі.