«Каспий» өз алаңында «Түркістанды» ойсырата ұтып, бірінші лигада көш бастады

Футболдан Қазақстан бірінші лигасының 6-туры аясында ақтаулық «Каспий» өз стадионында «Түркістан» командасын қабылдап, 4:0 есебімен жеңіске жетті.
«Каспий» сапынан Бауыржан Байтана (25-минут), Мирас Тұрлыбек (45, 68-минуттар) және Нұрғайни Бөрібаев (71-минут) гол соқты.
Осы жеңістің арқасында «Каспий» турнир кестесінде 15 ұпаймен бірінші орынға көтерілді. Еске сала кетейік, өткен турда команда өз алаңында «Алтайдан» 1:2 есебімен ұтылып қалған болатын.
Бүгін сонымен қатар Алматының AKAS клубы өз алаңында «Екібастұзды» 2:0 есебімен жеңсе, Түркістан облысының «Жетісай» және Павлодардың «Ертіс» командалары 1:1 есебімен тең түсті.
Өскеменнің «Алтайы» Алматының «Қайрат-2» командасымен, Шымкенттің «Академия Оңтүстігі» Алматының «Хан тәңірімен», Тараз клубы Алматының «SD Family» командасымен, ал Қарағандының «Шахтері» Ақтөбенің «Ақтөбе-2» командасымен кездеседі.