
Ертең, 9 мамырда Астанада дзюдодан әлемдік деңгейдегі Grand Slam турнирі басталады. Жоғары дәрежелі жарысқа 49 елден 400-ден астам спортшы қатысады, деп хабарлайды Sportm.kz.
Турнирге Олимпиада және әлем чемпиондары, соның ішінде дзюдо әлемінің жұлдыздары келеді. Ел астанасына:
-
Екі дүркін Олимпиада чемпионы Таканори Нагасе (Жапония)
-
Рио-2016 жеңімпазы Рафаэла Сильва (Бразилия)
-
Париж Олимпиадасының чемпионы Беатриз Соуза (Бразилия)
-
Қазақстан атынан Олимпиаданың қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев келіп үлгерді.
Ережеге сай, жарысты қабылдаушы ел әр салмақ дәрежесінде төрт спортшыға дейін қатыстыра алады. Бұл — жас дзюдошыларға тәжірибе жинап, IJF рейтингіне ұпай жинауға үлкен мүмкіндік.
Жарыстың тағы бір ерекшелігі — Елдос Сметов бұл жолы құрметті қонақ ретінде қатысады. Жанкүйерлер қазақстандық дзюдо аңызымен кездесіп, естелік суретке түсе алады.
Турнир жайлы:
-
Өтетін орын: Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы
-
Көрсетілім: Qazsport телеарнасы арқылы тікелей эфир
-
Кіру: тегін
Бұл жарыс — Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіндегі әлем чемпионатына дейінгі соңғы ірі турнир, сондықтан ұлттық құрама үшін де, жанкүйерлер үшін де маңызы зор.