Астанада «Бірлік жүгірісі – 2025» марафоны өтті

2025 жылдың 1 мамырында Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлік жүгірісі – 2025» республикалық марафоны өтті. Шараға ел бойынша 17 мың адам қатысса, оның 3 мыңы елордада бас қосты.
«Бірлік жүгірісі – 2025» марафонының мақсаты – Қазақстандағы барлық этностарды дені сау және біртұтас ұлт болуға ынталандыру. Жүгіруге ересектермен бірге балалар, қарттар және мүгедектігі бар жандар да қатысты.
Қатысушылар таңғы 5:30-дан бастап жинала бастады, ал алғашқы жүгірістер 7:00-де басталды. Жүгіру бағыты ЭКСПО аумағынан басталып, «Бәйтерек» монументіне дейін жалғасты, одан кері қайтып, Түркістан және Ақмешіт көшелері арқылы өтті.
Жүгіру бірнеше қашықтықта – 1 км, 5 км, 10 және 21,1 шақырымда ұйымдастырылды. Әсіресе, 30 шақырымдық командалық эстафетаға (6×5 км) ерекше көңіл бөлінді. Эстафета ережесіне сәйкес, әр командада кемінде бір әйел адам болуы керек.