«Астана Аренада» балалар доп тебеді

«Астана Арена» стадионында балалар арасындағы халықаралық турнир өтеді.
Еліміздің бас стадионы қазір тек кәсіпқой футболшыларға ғана емес, жас аяқдопшыларға да есігін айқара ашып, жаттығу жасауға және жарыс өткізуге мүмкіндік берді. Биылдан бастап ол жерде елордадағы №8 спорт мектебінің жүздеген баласы шеберлік шыңдап жүр.
Енді наурыздың соңына қарай, нақтырақ айтқанда, 25-28 наурыз аралағында дәл осы балалар арасында халықаралық турнир ұйымдастырылады. «Астана Кубогы» деп аталатын байрақты бәсеке осымен үшінші жыл қатарынан өткізілгелі отыр. Оған мәскеулік «Спартак» және ташкенттік «Пахтакор» клубының шәкірттері келетіні белгілі. Олардың қатарына әзірбайжандық «Карабах» та қосылуы мүмкін. Жақын күндері нақты жауабын айтады.
Бұған қоса, әрине, халықаралық турнирде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған командалар бақ сынайды. Бас-аяғы 12 команда бас жүлдені сарапқа салады. Айта кетейік, балалар жарысы бұған дейін елордадағы әртүрлі алаңдарында өткізіліп келді. Енді алғаш рет оны «Астана Арена» стадионы қабылдайды.
«Біздің мақсат – жарысты тұрақты өткізу. Осы арқылы балалардың шеберлігі шыңдауымыз қажет. Қазір шетелдік командалардың да осы турнирге қызығушылығы артқан. Олар қазақстандық жас футболшылармен бір алаңда ойнағысы келеді. Сондықтан, барынша жоғары деңгейде ұйымдастыруға тырысамыз. Қалалық Денешынықтыру және спорт басқармасы толық қолдау көрсетіп жатыр» — дейді №8 спорт мектебінің директоры Еркебұлан Жомарт.