Милан Олимпиадасына дайындығымыз қалай?

Қысқы спорт түрлеріндегі нәтиже көңіл көншітпейді. Мұның себебін толық талдауымыз қажет. Бұл жөнінде Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
Ведмоство басшысы елорда төрінде алдағы олимпиадаға дайындыққа қатысты арнайы кеңес өткізді. Ол жерде жуырда ғана Харбинде өткен қысқы Азия ойындары қорытындыланып, Миланда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына жоспар нақтыланды. Айта кетейік, Италиядағы дүниежүзілік додаға бір жылдан аз уақыт қалды. Осы орайда министр қысқы спорт түрлері жауапты федерацияларға, өңірлік спорт басқармаларына және бағынысты мекемелерге дайындықты ерекше бақылауға алуды тапсырды. Әр спортшы үшін жеке қадағалау жүргізіліп, құрал-жабдық, медициналық қолдау, психологтың көмегі, нутрициолог пен дәрігер кеңесімен қамтамасыз ету тапсырылды.Сондай-ақ ұлттық құрама өкілдерін бәсекеге қабілетті ету үшін инновациялық әдістер мен ғылымға негізделген тәсілдерді енгізу қажеттігі айтылды.
«Халықаралық додаларда жоғары нәтиже көрсету – ел абыройы. Бізде дарынды спортшылар бар, тек оларға дұрыс жағдай жасау керек. Әр жаттығу, әр жарыс – болашақ жеңістің іргетасы. Сондықтан бар күшімізді салып, Олимпиадаға дайындалуымыз қажет» — деді ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.