
Қазақстандық нысана көздеу шеберлері Азия Кубогында 14 рет жеңіс тұғырына көтерілді.
Байрақты бәсекені Таиландтың Бангкок қаласы қабылдап жатыр. Оған 23 мемлекеттен 320-ға жуық спортшы қатысуда. Қазақстандық нысана көздеу шеберлері арасынан Константин Малиновский, Олег Носков, Кирилл Цуканов және Елизавета Безруковалар ең үздік нәтиже тіркеп, өз бағыттарында чемпион атанды.
Бұған қоса, қазақстандық қыз-жігіттер командалық сындарда да сәтті өнер көрсетті. Нақтырақ айтқанда, ерлер арасында пневматикалық винтовкамен 10 метрдегі нысананы көздеуде жерлестірміз жеңіске жетті. Артынша тапаншамен 10 метрдегі нысананы көздеудің командалық сынында да Қазақстанның жасөспірімдер командасы топ жарды.
Жалпы алғанда қоржынымызда қазір 5 алтын, 6 күміс, және 3 қола медаль бар. Соның арқасында жалпыкомандалық есепте әзірге 1-ші орында тұрмыз және жарыс соңына дейін осы деңгейді сақтап қаларымызға сенім бар. Бангкок қаласындағы құрлықтық дода 22-ші ақпанға дейін жалғасады.