
Бахрейн астанасы Манамада ауыр атлетикадан әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте үздік үштікке кірді, деп хабарлайды sportministri.kz.
Қазақстандық зілтемірші Артем Антропов ауыр атлетикадан Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында алтын медаль иеленді.
Антропов 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Ол жұлқа көтеруде 170 келіні, ал серпе көтеруде 230 келіні бағындырып, қоссайыс бойынша 400 келі нәтижені көрсетті.
Екінші орынды Катар спортшысы Ибрахим Фарес Эльбах иеленді (399 келі, 174+225), ал үшінші орын испаниялық Маркос Руиз Веласкоға бұйырды (395 келі, 183+212).
Айта кетейік, бұл Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы үшінші медалі.
Бұған дейін Алексей Чуркин (81 келі) күміс жүлде жеңіп алса, Нұрғиса Әділетұлы (96 келі) әлем чемпионы атанған еді.