ТРЕНДТЕФУТБОЛ

Қазақстанда кәсіпқой футзал лигасы жұмысын бастады

Астанада Қазақстан кәсіпқой футзал лигасының (ҚКФЛ) таныстырылымы өтті. Елімізде алғаш рет футзалдан кәсіпқой жарыстарды ұйымдастыру мен өткізу жаңа тәуелсіз құрылымның басқаруына берілді.

Қазақстан футбол федерациясының ғимаратында өткен іс-шараға ҚФФ Бас хатшысы Скотт Манн және ҚКФЛ президенті Талғат Қосмұхамбетов қатысты. Тараптар Қазақстан Суперлигасының чемпионатын өткізу құқықтарын лигаға беру туралы келісімге қол қойды.

Жаңа құрылым кәсіпқой футзалды дамыту, чемпионатты коммерцияландыру, клубтарды қолдау, демеушілер тарту және жанкүйерлермен жұмысты күшейтуге басымдық береді. ҚФФ өз кезегінде ұлттық, балалар-жасөспірімдер және әйелдер құрамаларының жобаларын операциялық тұрғыдан басқаруды жалғастырады.

Жаңа маусымдағы басты жаңалықтардың бірі – VAR жүйесін енгізу. ҚФФ бұл бағытта FIFA-мен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. ҚКФЛ алты камера қолданылатын VAR жүйесін іске қосуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар клубтар арасында маркетинг чемпионаты ұйымдастырылады. Оның аясында жанкүйерлерді тарту, түрлі іс-шаралар өткізу және матч күнін ұйымдастыру бойынша клубтардың жұмысы бағаланады.

Лига балалар мен жасөспірімдер футзалына да назар аудармақ. Клуб құрылымдарында U-13-тен U-19-ға дейінгі академиялардың болуы қарастырылып, бұл жүйе жасөспірімдер және ұлттық құрамалар үшін ойыншылар резервін қалыптастыруға бағытталады.

Қазіргі уақытта Қазақстан футзал құрамасы әлемдік рейтингте сегізінші орында. Жаңа форматтағы Суперлига маусымы сенбі күні басталады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button