БОКСТРЕНДТЕ

World Boxing басқару сапасы бойынша ASOIF рейтингінде жоғарылады

World Boxing халықаралық бокс федерациясы Жазғы олимпиадалық халықаралық федерациялар қауымдастығының (ASOIF) кезекті бағалауында басқару сапасы бойынша көрсеткішін айтарлықтай жақсартты.

2026 жылғы наурыздағы алдыңғы бағалаумен салыстырғанда ұйым 35 ұпай артық жинады. World Boxing көрсеткіші 117-ден 152 ұпайға дейін өсіп, ASOIF жіктеуінде C тобынан B тобына көтерілді.

Бұл нәтиже қауымдастырылған мүшелер үшін белгіленген 135 ұпайлық межеден ғана емес, толыққанды мүшелерге қойылатын 150 ұпайлық талаптан да жоғары.

Бағалау World Boxing тамыз айының соңында ұсынған құжаттар негізінде жүргізіліп, материалдарды I Trust Sport тәуелсіз ұйымы тексерді. Федерация бағаланған бес бағыттың барлығында нәтижесін жақсартқан.

Ең үлкен өсім ашықтық көрсеткішінде байқалды – 31-ден 42 ұпайға дейін. Бақылау тетіктері бойынша көрсеткіш 19-дан 27-ге, адалдық бойынша 23-тен 29-ға, демократия бағытында 32-ден 37-ге, ал даму мен тұрақтылық бойынша 12-ден 17 ұпайға көтерілді.

World Boxing президенті Геннадий Головкин бұл нәтижені федерацияның басқару жүйесі мен институционалдық құрылымын нығайту бағытындағы жұмысының тәуелсіз бағасы деп атады. Оның айтуынша, ендігі міндет – реформаларды жалғастырып, енгізілген өзгерістерді ұйымның күнделікті жұмысының тұрақты бөлігіне айналдыру.

ASOIF қорытынды бағалауда тек іс жүзінде енгізілген және жұмыс істеп тұрған шаралар мен тетіктерді есепке алған. Әзірлеу немесе дайындық кезеңіндегі бастамалар қорытынды ұпайға қосылмаған.

World Boxing бұл нәтижелерді 2026 жылғы Конгреске дайындық барысында және 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына дейінгі жұмысында ескермек. Жүргізіліп жатқан реформалар Халықаралық Олимпиада комитетінің 2032 жылға дейінгі «Fit for the Future» стратегиясымен де үйлеседі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button